Областная специализированная школа №8 для одаренных детей

Флаг РК

Герб РК

Гимн РК

Тәжірибемен бөліскен басқосу

2020 жылдың 01 ақпаны күні Білім басқармасы білім беруді дамыту орталығының «Batys-Innovation» жобасы аясында Дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектептің ұйымдастыруымен мектеп директорының орынбасарлары мен педагогтеріне арналған «Жобалау қызметі арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру» тақырыбында тәжірибемен бөліскен семинар-практикум жұмысы болып өтті.

Ұйымдастырылған шараның басты мақсаты білім беру жүйесінде және сыныптан тыс жұмыстарда жобалау технологиясын енгізу арқылы оқушылар тұлғасын дамыту бойынша мектеп тәжірибесін тарату.

Функционалдық сауаттылық – білім берудің жеке тұлғаны қалыптастырудағы әлеуметтік бағдарлануы. Қазіргі тез өзгермелі әлемде функционалдық сауаттылық – оқушының әлеуметтік мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық фактор екені баршаға аян. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектеп педагогтері оқушы бойында фнкуционалдық сауаттылықты арттыру және дамытуда жылдар бойы бірнеше әдістермен бөлісіп келсе, бұл жолы жобалау, зерттеу технологиясына ерекше тоқталды. Жобалау технологиясымен жиырма жылдан астам айналысып келе жатқан география пәнінің «Үздік мұғалімі» Чернецова Л.Г. «Жобалау технологиясы: жоба жұмысын қалай жүргізуге болады?» тақырыбында практикалық (шеберлік-сынып) жұмыс барысында өз тәжірибесімен бөлісті. Бастауыш сынып мұғалімі М.И.Айтанова және ағылшын тілі мұғалімі Т.Д.Плясова «Ғарыш» тақырыбында кіріктірілген жоба жүргізу сабағын берсе, математика пәнінің мұғалімі С.К.Мурзагалиева және технология пәнінің мұғалімі О.П.Ганиева «Асханадағы пропорция» тақырыбында кіріктірілген ашық сабақ берді. Мектепте жобалау, зерттеу жұмысы бастауыш сыныптан бастап жоғарғы сыныпқа дейін үздіксіз жүргізіліп келеді. Аталмыш педагогтер бастауыш және орта сыныптарда жобалау жүргізудің әдіс-тәсілдерімен бөліссе, бастауыш сынып мұғалімі Г.С.Кужаева «Мен зерттеушімін» тақырыбындағы өз авторлық бағдарламасымен және бастауыш сыныптағы жасалып келе жатқан жобалармен таныстырды.

Семинар-практикум барысында Республикалық ғылыми жобалар байқауына жолдама алған және Халықаралық ғылыми жобалар байқауларынан жүлделі орындар иеленген мектеп оқушылары өз авторлық жұмыстарының презентациясын жасады. 11-сынып оқушысы Кабуева Амина «АЖГ және өңірлік туризмді дамыту», 10-сынып оқушысы Донскова Екатерина «Мобильді қосымшадағы онлайн-кітапхана», 9-сынып оқушысы Капасова Айдана «Фракталдарды бағдарламалау», 10-сынып оқушысы Рафикова Рамина «Мамандық таңдау- 21 ғасырдың өзекті мәселесі» тақырыптарындағы өз ғылыми жобаларын таныстырды. Оқушылардың жұмыстарына қызығушылық танытқан семинар қатысушылары сұрақтар қойып, мектеп ұжымы жүмысына өз ризашылықтарын білдірді.